Ресей мен Украина соғысқан жағдай Қазақстан әскерін жібере ме? СІМ басшысы жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

РФ президенті Владимир Путин Донбасс пен Луганскті дербес мемлекет деп мойындады

Хабар-24

Бүгін Үкімет отырысан кейін журналистермен сұхбаттасқан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Донбасс халық республикасы мен Луганск халық республикасын Қазақстан мойындай ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мұхтар Тілеуберді бұл мәселеге қатысты өте жақын арада Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі отырыс өткізетінін хабарлады.

«Қазір жағдай шиеленісіп барады. Ал, Қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр. Бізде ол мемлекеттерді мойындау туралы сұрақ тұрған жоқ. Біз халықаралық құқық негізін және БҰҰ ұстанымдарын ұстанамыз», - деді ол.

Ал, Қазақстан Ресей мен Украина шекарасына әскер жібере ме деген сұраққа Сыртқы істер министрі қысқа жауап берді.

«Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бар. Ол Қазақстан мүше мемлекет. Бірақ, бұл ұйымның ол жаққа әскер жіберуге құқығы жоқ. Ал, өткен аптада Ресей мен Қазақстанның арасында әскери ынтымақтастық туралы ратифициаланған шарт бұндай мәселені көздемейді. Бұл шарт тек әскери техникалық ынтымақтастықтя көздейді. Мәселен, әскери техниканы сатып алу, бірге жаттығу жасауды көздейді», - дейді Мұхтар Тілеуберді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Ресей Президенті Владимир Путин Донбасс және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындап, олардың аумағына өз әскерін енгізді. Украина мен Ресей арасындағы бұл шиеленіс халықаралық күн тәртібіндегі ең маңызды оқиғаға айналып отыр.