Жамбыл облысы аумағынан әуе бомбасы табылды
Оның салмағы - 500 келі, ұзындығы 2,5 метрге жетеді
Жамбыл облысының құқық қорғау органдары Тараз маңындағы құмды аймаққа қауіпті әуе бомбасының қалай келгенін анықтап жатыр. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысы полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына Байзақ ауданының тұрғынынан құмнан табылған күдікті зат туралы хабарлама келіп түскен. Департаменттің баспасөз қызметі хабарламаға дереу жауап беріп, оны Байзақ аудандық полиция бөліміндегі әріптестеріне тапсырды.
«Полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, авиациялық снарядқа ұқсас зат тапқан. Содан кейін оқиға орнына полиция департаментінің саперлері, ТЖ департаментінің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары шақырылды», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Оқиға орнына келген саперлер снарядты зерттеп, оның 1962 жылы шығарылған «ФАБ 500м-62» авиациялық бомбасы екенін айтты. Оның салмағы - 500 келі, ұзындығы 2,5 метрге жетеді, ол кез келген минутта 200 метрге дейін жарыла алады. Бомбаны одан әрі залалсыздандыру үшін арнайы әскери техникаға тиеп, полигонға алып кетті.
«Полицияға қауіпті бомба туралы хабарлаған ер адамды марапаттау туралы ұсыныс жасалды», - дейді полиция департаменті.