Қазіргі уақытта айыпталушы қамауға алынды
БАӘ-ден қазақстандық кәсіпорындарды 60 млн теңгеден астам сомаға алдап кеткен алаяқ қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Қазақстан ІІМ Интерполдың Ұлттық Орталық бюросы Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығымен және қаржы мониторингі агенттігімен өзара іс-қимыл кезінде Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға 2015 жылдан бері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін іздестіріліп жатқан 43 жастағы қылмыскер Төлеген Рамеев қайтарылды, келтірілген шығын сомасы 60 млн теңгеден асады.
Қазіргі уақытта айыпталушы қамауға алынды.
Соңғы үш айда Интерполдың жұмысының нәтижесінде Испания, Ресей, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Венгрия және т.б. ел аумағынан түрлі қылмыстары үшін іздестіріліп жатқан 16 адам анықталып, ұсталды. Мысалы, қаңтар айында Венгрияда хакерлік әрекеттер арқылы ақша ұрлағаны үшін Алматы қаласының Полиция департаменті іздестіріп жатқан Румыния азаматы Ieudean Daniel Ioan ұсталды. Ол трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Ресей, Тай, Украина, Әзірбайжан, Тайвань банктерінің шоттарына қасақана заңсыз қол жеткізу арқылы ақша қаражатын банк карталарына аударып, оларды қолма-қол ақшаға айналдырды. Шығын сомасы 9 млн АҚШ долларынан асады. Оны елімізге беру туралы мәселе шешілуде.