Ақтөбеде 9 жастағы баланы көршісінің иті қауып алды

Azattyq Rýhy

Ит иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбе қаласы маңындағы Қурайлы ауылында 9 жастағы баланы ит қауып алды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Оқиға кеше болды. Көршісінің неміс тұқымдас иті шешіліп кетіп, баланы талап тастаған. Иесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы 2-бөлігімен хаттама толтырылды»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Қазіргі кезінде учаскелік полиция қызметкерлері қала маңындағы Құршасай, Қызылжар ауылында ит иелеріне ескерту жасап, 50-ден астамы әкімшілік хаттама толтырды, адамдар жауапқа тартылды. Бұл жұмыс Қурайлы ауылында да жүргізіледі. Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын полицияға 43 жастағы тұрғын хабарласып, дәл осы ауыл маңындағы өнеркәсіп аумағында өзін алабай тұқымдас иттің қауып алғанын айтты. Ол бірден аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. 

«Бұл жағдайға дер кезінде ден қойған Алматы ауданы №4 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері Қурайлы ауылының неркәсіптік аумағын тексеру кезінде ақ түсті алабай тұқымды итті тауып, иесін анықтады. ҚР ӘҚБтК-нің «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелерін бұзу« бабы бойынша ит иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК (отыз мың алты жүз отыз теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, полицейлер алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу үшін үй иесімен профилактикалық әңгіме өткізді. Ит иелері үй жануарлары басқа тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін екенін түсінуі керек. Мұндай жағдайда адамдар, әсіресе балалар, зардап шегуі мүмкін»,- деді Ерболат Сарқұлов.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.