Елордадағы құрылыс кранының құлауына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда биік кран құлап, жүргізушісі көз жұмды. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК 277-бабы, яғни "Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде абайсызда адам өліміне әкеліп соғудағы қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген департамент хабарламасында.

Құзырлы ведомство қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұған дейін 18 ақпанда сағат 17:07-де салынып жатқан нысанның аумағында биік кран құлап, машинистің қайтыс болғанын жазған болатынбыз. Алдын ала себеп – кран мұнарасы бөлігінің сынуы.