Алматы облысында дәрігерлер наразылыққа шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Талғардағы дәрігерлер бір бөлімді қала маңындағы ауылға көшіруге қарсы

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында Талғар қаласының дәрігерлері наразылыққа шықты. Жарақат бөлімінің 60-қа жуық қызметкері, басшылық бүкіл бір бөлімді Панфилов ауылына көшірмекші дейді. Медицина мамандары қаладан 23 шақырым жерде орналасқан елдімекенге барғылары жоқ. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның үстіне айлығымыз төмендеп барады деген олар, аурухана бастығы ауыспасаңдар жұмыстан шығыңдар деп қорқытқанын айтады. Ал, бас дәрігер болса, журналистерге мамандарды ауыстыру тек талқыланып жатқан мәселе деп ақталды. Жарақат бөлімінің 60-қа жуық маманы бір ауыздан Панфилов ауылына көшуге қарсы. Талғар ауданындағы жалғыз бөлімді одан сайын алыстатудың себебін түсінбейміз дейді. Күніне аяғы сынып, қолы шыққан 10-нан аса адам қабылдаймыз деген дәрігерлер, шағын ауылдан қарағанда, 200 мыңнан көп тұрғыны бар Талғарға травматология бөлімінің болуы маңызды екенін айтады.

 «Біз бұны бір ай бұрын естіген болатынбыз. Былай сыбыс ретінде айтылған еді. Ал бірақ нақты шешімді кеше естідік», - дейді жарақат бөлімінің медбикесі Айгерім Қалибек.

Жарақат бөлімінің Панфилов ауылына ауысатынын нақты кеше естіп, бүгін наразылыққа шыққан мамандардың сөзін бас дәрігер жоққа шығарды.

«Неге бізде травматология бөлімін сол жаққа ауыстыру туралы ой болды?! Өздеріңіз білесіздер, ең үлкен республикалық маңызы бар жол – Құлжа трассасы. Бұл жолда жол апаты көп болады, соған сай жарақат алатындар да көп. Соған сәйкес осындай ой болғаны рас. Бірақ бұл туралы күні ертең көшіреміз деген бұйрық болған жоқ», - деді Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков.

Наразылыққа шыққан дәрігерлер айлықтарының да мардымсыз екенін айтты. Санитар мамандар 70 мың теңге алса, дәрігерлердің жалақысы 120 мың теңге көлемінде екен. Ауруханаға заманауи құрылғылар алып жатырмыз деген, сенімгерлік басқару компаниясының басшысы мәселені май шаммен қарауға уәде берді. Ішкі тексеріс жүргізіп, ақ халаттылардың арыз-шағымымен жұмыс істейміз деді.