Маңғыстаудағы «Қошқар ата» улы көлін тазарту мәселесін Мәжіліс депутаттары назарға алды
Биыл бөлінген 3 млрд теңгеге 800-900 гектар аймақты рекультивациялау жоспарланып отыр
Мәжіліс депутаттары – Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев аймақтарға сапар барысында Маңғыстау облысына ат басын тіреді. Онда депутаттар экологиялық кеңес мүшелерімен бірге Мұнайлы ауданындағы «Қошқар ата» ойпатында радиоактивті қалдықтар қоймасын залалсыздандыруға қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мұнайлы ауданы аумағындағы «Қошқар Ата» көлі Каспий теңізіне 7-8 шақырым жерде орналасқан. Ал Ақтау қаласынан 3-4 шақырым қашықтықта жатыр. Бұл көл қалдықтар қоймасының жалпы ауданы 77 шаршы шақырым болса, қалдықтардың ауданы 66 шаршы шақырым шамасында.
Тұрғындардың айтуынша, Маңғыстау облысының бүгінгі экологиялық ахуалы әбден ушыққан. Оған «Қошқар ата» улы көлі де жеткілікті. Онсыз да қуаңшылықтан жиі зардап шегіп, су тапшылығын көретін аймақ улы көлдің де зардабын қоса тартып отыр. Қазір маңғыстаулықтар арасында онкологиялық, өкпе және жүрек-қан тамырлары аурулары, йод тапшылығы сияқты ауру түрлері көп. Денсаулығы жарамсыз ана мен одан туатын дімкәс бала саны да аз емес.
«Бұл экологиялық аймақта 400 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындардың денсаулығы үшін тазарту жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Бүгінгі таңда улы көлдің 266 гектары залалсыздандырылған. Уақытында рекультивикациялау жұмысын аяқтап, сексеуіл егу жоспарда бар», - дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Депутаттар аймақта жасалған жұмыстардың сапасына мән беріп, алдағы жұмыс барысын тыңдады. Мердігер мекеме басшысы істің мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы бөлінген 1 млрд қаржы игеріліп, 266 гектар жер залалсыздандырылды. Биыл бөлінген 3 млрд теңгеге 800-900 гектар аймақты рекультивациялау жоспарлануда. Жұмысты жүргізуге 40-қа жуық техника жұмылдырылып, 70-тен астам адам жұмыспен қамтылған.
Маңғыстау облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары өңірдегі мәселеге алаңдаулы екенін айтып, назарларына алатынын жеткізді.