Елордада бірнеше пәтерді тонаған күдікті қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті осыған дейін де сотты болған

Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласында 31 жастағы ер адам екі пәтерді тонап кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының полицейлері ер адамды ұстады, ұрланған мүлік толығымен тәркіленді.

«Күдікті күндізгі уақытта Күйші Дина көшесінде орналасқан тұрғын үйдің 2-қабатынан кіріп, екі күзен тонын ұрлап алып шыққан.

Содан араға төрт күн салып ол таңғы уақытта Маяковский көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерге пластикалық терезесі арқылы кіріп, мүліктеріне қол салған. Ұрланған заттардың ішінде зергерлік бұйымдар, ноутбуктер, ұялы телефондар, күзен тондары, ақша қаражаты болған.

Қазіргі уақытта ер адам ұрлық жасағанын мойындады, оның бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген ведомство хабарламасында.

Күдіктіге қатысты «Күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.   

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары, сіздерден қырағылық танытуларыңызды сұраймыз. Жеке мүлікті ұрлау қылмыстың ең көп тараған түрі болып табылады. Пәтер ұрыларының құрбаны болмас үшін пәтерлеріңізді қараусыз қалдырмаңыздар, жеке үйлердің иелеріне тұрғын үйді күзет дабылымен жабдықтауды ұсынамыз», - деп хабарлайды Полиция департаменті.