Бас прокуратура Алматыны қиратқандардың портретін жасап шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың дені тұрақты жұмысы мен тұратын жері жоқ, отыз жасқа толмаған азаматтар 

Фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура Алматыны қиратқандардың портретін жасап шығарды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оның айтуынша, қазір құқық қорғау органдары қаңтар оқиғасына қатысты көбінесе өзгенің мүлкін бүлдіру мен ұрлау фактілері бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Қилымжановтың айтуынша, іс-әрекеттері террористердің әрекетіне теңестірілген тұлғалар бар.

«Алайда, жекелеген тұлғалардың әрекеттері халық арасында үрей мен қорқыныш туғызуды мақсат етті. Сол үшін олар мемлекеттіліктің символы ретінде әкімшілік ғимараттарды басып алып, құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі жасады,  қару ұрлады. Бұндай  әрекеттер терроризм актілері ретінде қабылданады», -дейді Қилымжанов. 

Прокуратура қанды қаңтарға қатысқан азаматтардың дені отыз жасқа толмаған деп, олардың портретін жасап шығарған. 

«Олар отызға толмаған, жоғары білімі мен тұрғылықты мекен жайы жоқ азаматтар. Анонимді сауалнама кезінде дүние-мүлікті қиратқан әрбір үшінші азамат жағдайды пайдаланып, біреудің мүлкіне ие болуды көздегенін айтты», - деп хабарлады ол.