Германия президенті екінші мерзімге сайланды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол алғашқы сөзінде Путинге үндеу жасады

Фото: RT

Франк-Вальтер Штайнмайер Германия президенті лауазымына екінші рет сайланды. Ол осы қызметті енді тағы бес жыл атқаратын болады. Бұл туралы Аzattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Президентті сайлауға жиналатын арнайы конституциялық органда 1 472 адам бар. Ал Штайнмайер 1 045 адамның қолдауына ие болды. Бастапқыда-ақ оның кандидатурасын барлық ірі партиялар қолдады.

Штайнмайер алғашқы сөзінде-ақ Ресей президенті Владимир Путинге қарата былай деді:

«Украинаның мойнына ілген ілмекті босатыңыз. Бізбен бірге Еуропада бейбітшілікті сақтайтын жолды таңдаңыз. Ресей мен Батыс елдері арасындағы қарама-қайшылық пікір туралы тоқтаусыз айтуға болады. Ал біз дәл қазір Шығыс Еуропа аумағында соғыс отының тұтануы алдында тұрмыз. Мұндай жағдайда бүкіл жауапкершілік Ресейдің мойнында болмақ», - деді ол.

Айта кетейік, Германия президенті негізінен өкілдік функцияларға жауапты. Ал сыртқы және ішкі саясат канцлер басқаратын үкіметтің құзырында.