Келер жылдан бастап Қазақстанда үй жануарларын тіркеу міндеттелмек

Автор: Azattyq Rýhy

Есепке алудың толық тәртібі тиісті ережелерде айқындалатын болады

Фото ашық дереккөзден

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда үй жануарларын тіркеу міндетті болады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуі керек. Есепке алудың толық тәртібі тиісті ережелерде айқындалатын болады. Есепке алу иелердің есебінен жүзеге асты. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бұл рәсімді мемлекет төлейді. Сондай-ақ, иттердің иесіз, жалғыз жүруіне заңмен тыйым салынады», - деді спикер орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық актілердің бірқатар жобасы қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеуді реттеуге бағытталған. Мәселен: жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидалары; қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыру ережелері және жануарларға арналған орталықты есепке алу және қызмет ету ережелері. 

«Заң күшіне енген соң, Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау практикасы тоқтатылады, ал олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте жануарларды аулаудың үлгілік қағидаларының жобасы шеңберінде иесі бар екенін білдіретін белгілері бар жануарларды стерильдеуге тыйым салу жоспарлануда», - деді Ә. Шалабекова.

 

Тегтер: