Қазақстандық оқушылар зағип жандарға арналған баскиім ойлап тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Ол мүгедектер жолында кездесетін кедергілерді құлаққап арқылы жеткізіп, жүріс-тұрысын жеңілдетеді

Фото: ашық дереккөзден

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары нашар көретін және зағип жандарға арналған шлем концепциясын ойлап тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ұлан» газетіне сілтеме жасап.

Ол мүгедектер жолында кездесетін кедергілерді құлаққап арқылы жеткізіп, жүріс-тұрысын жеңілдетеді. Жоғары сынып оқушыларынан құралған топ «Маврикс» деп аталады. Командада 9 дарынды бала бар. Олар авторлық жобаны ойлап табуға үш ай жұмсаған. Ерекше баскиімнің көмегімен мүгедектер қалада өздігімен жүре алады. Виктор Кахно мен Максим Сурин автономды шлемнің көмегімен қала-да қауіпсіз қозғалуға болатынын айтады.

"Өзіңізді қараңғылықта елестетіп көріңізші, сіздің алғашқы әрекетіңіз қандай? Қай жерде екеніңізді түсіну үшін дыбыстарды тыңдай бастайсыз, айналаңыздағы заттарды сезе бастайсыз", – дейді әзірлеушілердің бірі Виктор. 

Бұл әдістерді дүниежүзінде 36 миллион-нан астам зағип адам қолданады. Әрбір зағип адам сенсорға, дыбыстық сигналдарға, жеке көмекшілерге және экраннан оқу құралдарына тікелей тәуелді.
Команда мүшелерінің бірі Амира Бакиеваның айтуынша, қандай да бір қауіп төнген жағдайда шлем дыбыстық белгі береді.

"Егер оң жағыңызда автобус келе жатса, шлемнің құлаққаптары «оң жағыңызда автобус келе жатыр» деп хабарлайды. Шлемнің камерасы 180 градуста барлық нысандарды анықтай алады. Ақпараттар сигнал арқылы құлаққапқа жедел келеді. Көзі көрмейтін адам құлаққапты тағып, дыбыстық сигналдарды сезіне алады", – дейді 11-сынып оқушысы А. Бакиева.

Қазақстанда 160 мың көру қабілеті нашар адам болса, Алматы облысының «Зағиптар қоғамында» 1500 адам тіркелген. Бұл мәселені шешу үшін зияткер оқушылар көруге мұқтаж жандарға шлем ұсынды. Жұмыс барысында оқушылар облыстағы «Зағиптар қоғамында» болды. Зағип жандармен бірнеше рет әңгімелескеннен кейін прототипті жобалау факторларын анықтай алды. Шлемде қуат түймесі, кең экранды камера, банк картасының көлеміндей бір тақталы компьютер және екі құлаққап бар. Шлем автомобильдерді, пойыздарды, автобустарды, бағдаршамдарды, жол белгілерін, велосипедшілерді және адамдарды анықтауға қабілетті.