Таразда бір тәулік ішінде 2 тапанша мен 200-ге жуық оқ-дәрі табылды

Azattyq Rýhy

Суық қару мен оқ-дәрілер көпқабатты үйдің жертөлесінен табылды

Таразда бір тәулік ішінде 2 тапанша мен 200-ге жуық оқ-дәрі табылды

Тараз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлерімен іздеу жұмыстары кезінде темір жол бойында орналасқан дәмхана маңынан қара полиэтилен пакетке оралған «Макаров» маркалы атыс қаруы табылып, тәркіленді. Бұл туралы Azattyq Rýhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сонымен қатар, мөлтек аудандардың бірінде орналасқан көп қабатты үйдің жертөлесінен травматикалық қару, 3 бірлік жарық-шулы граната, 31 дана автоматқа арналған оқ және 41 дана тапаншаға арналған оқ анықталған.

Одан бөлек, қала аумағынан тыс жерлерде іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында жерге көмілген қорап табылды. Қорап ішінен 120 дана «Калашников» маркалы автоматына арналған оқтар алынды.

Табылған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерге арнайы сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды. 

«Қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске саламыз. Анонимділікке кепілдік беріледі» - деп хабарлады Тараз қаласы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Заурбеков.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.