Облыс тұрғындары су қоймаларына бара алмай дал болып жүр
Павлодарда су қоймаларын мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Осы мәселе облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте сөз болды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук айтқандай, табиғи ресурстарға деген монополия, яғни «олигополия» бойынша проблема бар.
"Мысалы, облыстағы 12 су қоймасы кәсіпкерлерге балық шаруашылығын жүргізу үшін 49 жылға берілді. Кейбір бизнесмендер жергілікті тұрғындарға балық аулауға тыйым салып, аттап бастырмайды. Бұл олардың наразылығын тудырып, өзен мен көлдердің мемлекет меншігіне қайтару туралы мәселенің өзектілігін арттырады", - дейді ол.
Облыс әкімі осы мәселені шешу үшін барлық су қоймаларын тексеріп, арендаторлардың келісімдер талаптарын орындауын қадағалау керектігін айтты. Оған қоса, өңір басшысы барлық табиғи ресурстарын да инвентаризациядан өткізіп, жер қойнауын пайдаланушыларды міндеттерін қаншалықты сақтайтынын тексеру қажеттілігін атап өтті.