ШҚО-да 10 жыл бойы қос азаматтықпен жүрген 67 жастағы зейнеткер анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Шетелдіктен ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты тәркіленді

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында 10 жыл бойы қос азаматтықпен жүрген ресейлік анықталды. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Бородулиха ауданында қос азаматтықпен жүрген 67 жастағы зейнеткерді анықтады. Ол 2012 жылы Ресей Федерациясы Алтай өлкесінде сол елдің азаматтығын алғанымен осы күнге дейін Қазақстандағы құжаттарын пайдаланып келген.

«Белгілі болғандай, ер адам 10 жылға жуық уақыт көрші елдің азаматы бола тұра ҚР азаматының жеке куәлігін нотариусқа көрсетіп, өзінің жылжымайтын мүлігін сатпақ болған. Қазіргі уақытта құқық бұзушы қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 1-бөлігіне сәйкес 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді», - деді облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.

Шетелдіктен ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты тәркіленді.