Желіде видеосы тараған Тараздағы шенділердің мәселесі жіті тексерілетін болады

Автор: Azattyq Rýhy

Егер қала әкімі орынбасарының ішімдік ішкені анықталса, қызметінен қуылуы мүмкін

Фото ашық дереккөзден

Тараз қаласы әкімі орынбасарының мәселесін мемлекеттік қызмет істері агенттігі майшаммен қарайтын болды. Әлеуметтік желіде шенеуніктің мас адамша теңселіп былапыт сөз айтқан видеосы тараған еді. Егер оның ішімдік ішкені анықталса, қызметінен қуылуы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.

Видео желіде қызу талқыланып жатыр. Жағаласқан екі азаматтың бірі Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев, ал екіншісі қала әкімінің кеңесшісі Нұрбол Қожықов болып шықты. Әкімдіктегілер бұл екі жарым ай бұрын болған жағдай дейді.

Баспасөз қызметінің түсіндіруінше, Асхат Есеналиев бір мердігермен сөзге келіп қалған. Жанжалдың нақты қай жерде болғаны белгісіз. Ал кеңесші екеуін ажыратып жүріпті. Бұлардың ішімдік ішкен-ішпегені де белгісіз. Бір анығы, әкім орынбасары қызметін жалғастыруда, ал кеңесшісі Нұрбол Қожықов он күн бұрын өз еркімен жұмыстан кеткен. Оның лауазымынан босатылуына болған жағдайдың еш қатысы жоқ дейді әкімдік қызметкерлері.

«Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев осы қызметке 2020 жылдың 26 сәуірінде тағайындалған. Ал видеодағы жағдай оның ары қарайғы қызметіне қаншалықты әсер ететінін мемлекеттік қызмет істері агенттігі шешеді», - деді Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.