«Мен де жәбірленушілердің бірімін»: блогер Мейіржан Төребаев өзіне тағылған айыпқа қатысты жауап берді
Бұған дейін танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінгені хабарланған болатын
Қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Блогер қаржылық пирамиданы құруға және басқаруға қатысым жоқ деп отыр.
«Мен қылмыстық іс аясында жәбірленуші ретінде танылдым. Салымшы ретінде полицияға арыз жаздым. «Mudarabah Capital» компаниясын құрған емеспін және оған қатысқан жоқпын, басқармадым да. Директор, басқарма төрағасы, аппарат қызметкерлері болды. Мен онда жұмыс істеген жоқпын. Менің басқа бизнесім бар. Қаржы саласынан хабарым жоқ, сондықтан оларға сеніп, алданып қалдым. Барлық зардап шеккен салымшы сияқты мен де ақша салдым, полицияға жүгіндім, әзірге ақшам қайтарылмады» - деді вайнер.
Сондай-ақ, ол неге Mudarabah Capital құрылтайшысы емес екенін түсіндірді. Мейіржанның сөзінше, компания 2020 жылдың мамырында құрылған.
«Оған еш қатысым жоқ. 2020 жылдың қыркүйегінде ақша салып, төлемді күттім. 2020 жылдың қарашасында Mudarabah Capital директоры салым сенімді екеніне күмәнданбауым үшін ЖШС қатысушыларына қосылуды ұсынды. Мен одан да көп ақша салуды жоспарлап жүргендіктен, келістім. Компанияға тек 2020 жылдың қарашасында, ол нарықта белсенді жұмыс істеп тұрған кезде ғана қосылдым.
Маған қаржы пирамидасы схемасын ұйымдастырды, құрды немесе басқарды деу әділетсіздік. Бұл мүлдем бос сөз: барлық ақпарат бар, бәрін eGov сайтында тексеруге болады. Менің ойымша, полиция қоғамдық пікірді қолдан жасап отыр. Өйткені полицияға менің халықты қолдап, белсенді мәлімдеме жасағаным ұнамайды және олар мені қылмыстық іске араластырғысы келеді. Осы мені қынжылтады. Мен мұның артында кім тұрғанын да болжап, біліп отырмын. Арамызда бұрыннан жанжал бар, ол туралы естіген де шығарсыз», - деп мәлім етті ол.
Төребаевтың айтуынша, заңға сәйкес ЖШС қатысушылары мен құрылтайшылары директордың (атқарушы органның) әрекеті үшін жауап бермейді.
«Бұл нағыз қисынсыз дүние – директордың заңсыз әрекетіне компанияда отырғандарды кінәлау. Бұл бәріне түсінікті. Қазір бұған жол берсек, бұл қауіпті мысал болады. Компаниядағы барлық шешімді, соның ішінде ақшаны жұмсау туралы шешім қабылдаған директордың орнына қатысушыны соттайды. Егер мен бұл қаржы пирамидасы екенін білсем, осынша үлкен сомада ақша салар ма едім? Бұл анық емес пе?
Жарнама үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту, менің ойымша, популистік көрініс. Онда осы қисынға сай, зорлық-зомбылық көріністеріне түсетін бүкіл әртістерді түрмеге жабу керек пе? Қолданыстағы заңнамада қаржылық пирамиданы жарнамалау үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Ол қаржы (инвестициялық) пирамидасының жарнамалық қызметін өндіру, тарату және орналастыру жауапкершілігін қарастырады. Сол жеткілікті», - деп түйіндеді блогер.
Бұған дейін танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.
Танымал блогерлер Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязовтың қамауға алынып, кейіннен кепілмен босатылғаны хабарланған. Күдіктілер Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, алматылықтар танымал тележүргізуші мен вайнерлер жарнамалап жатқан қаржы пирамидасына шағымданған болатын.
Алматы тұрғыны Сәкен Нұрахметов Instagram әлеуметтік желісінде түрлі блогерлер парақшасына тіркелгенін айтты. Олардың бірінің парақшасынан ол Mudarabah Capital компаниясына «тиімді ислам инвестициялары» туралы бейнеролик көрген. Жарнама видеосына вайнер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзім Саидбаев түскен.