Түркістанда бірнеше үйді тонаған күдікті қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті қамауға алынды

Фото: tengrinews.kz

Түркістан облысында бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреулер тұрғын-үйінің темір есігін сындырып, ұрлыққа түскенін жеткізді. Ер адамның айтуынша, үйінен құны әр біреуі 18 мың теңге тұратын алты жылытқыш батареяcы мен 100 мың теңге тұратын пеш, сол сияқты 30 мың теңге болатын тоңазытқыш маторы жымқырылған.

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгеден асады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Олар ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында полицейлер жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, осы іске қатысты Кентау қаласының тұрғыны ұсталды. Белгілі болғандай, күдікті оңай жолмен пайда табу мақсатында ешкім жоқ, кіруге оңай үйге ұрлыққа түскен. Ұрланған жылыту құрылғыларын темір қабылдайтын орынға 15 мың теңге шамасындағы ақшаға өткізіп кеткен.

Сондай-ақ, күдіктінің жалпы осындай ұрлық қылмысының төрт жайтына қатысы бары анықталды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын миллионға жуықтады.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті қамауға алынды.