Ақтөбе тұрғыны бананға телефон жасырып, қамаудағы танысына жеткізбек болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбе тұрғыны бананға телефон жасырып, қамаудағы танысына жеткізбек болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбеде ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1 (тергеу изоляторы) мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемені тексеру кезінде бананның ішіне мұқият жасырылған ұялы телефон және Beeline SIM-картасын тәркіледі.

Тыйым салынған заттарды 29 жастағы У. И. есімді қала тұрғыны абақтыда “жалған кәсіппен айналысты” деген айып тағылған күдікті-айыпталушы танысына бананның ішіне жасырып, бермек болған.

«Азамат У. И. өз түсініктемесінде кінәсін толық мойындады. Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 791 және 795-баптары бойынша хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды», – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Руслан Уразбаев.