Қазақстанда қаржы пирамидасын жарнамалаған өнер жұлдыздары қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
ІІМ мұндай ұсынысты Бас прокуратураға жолдады

Ішкі істер министрлігі қаржылық пирамидаларды жарнамалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр. Ведомство бұл жөнінде прокуратураға ұсыныс жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алаяқтар ойлап тапқан әдістің көбісі азаматтарды жеңіл ақша табуға шақырады. Соның бірі – инвестиция құю. Яғни қаржы пирамидалары өзін нарықта табысты компания ретінде көрсетіп, қызметтерін ұсынады және азаматтарды тарту үшін түрлі инвестициялық жобаларды ойлап табады. Сондай-ақ қаржы пирамидалары шағын қаржылық ұйым ретінде, букмекерлік кеңсе және тұтынушылар кооперативінің атын жамылып та жұмыс істейді. Одан бөлек, олардың басты құралы – әлеуметтік желі. Яғни жеңіл әрі онлайн табыс табуға шақырады. Ол үшін мессенджер мүмкіндігін пайланады» - дейді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.
Жиналған қаржыны салып, аз уақытта көбейтуді әншілер, блогерлер мен актерлер, спортшылар ұсынады. Ал полицияға арыз жазған тұрғындар осы тектес ұсыныстардан кейін сеніп қалғандарын айтады екен. Алайда қазір қаржы пирамидаларын жарнамалаған әншілер мүлде жауапқа тартылмайды.
Ал алаяқтарға келетін болсақ, бүгінгі таңға дейін 126 адам жауапқа тартылған. Олардың 38-і сотталса, қалғанына қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қамауға алынғандар арасында «Гарант 24 Ломбард» ұйымдастырушылары (17 адам жапа шеккен) бар. Сонымен қатар «L-Капитал» пирамидасының екі көшбасшысы сот шешімін күтуде. Бұл пирамидадан зардап шеккен 300 адам 260 миллион теңгеден айырылған.
Ал «Evolution corp» алданған жандардан 3 млрд теңге жинаған. Ұйымның барлық мүлкі тәркіленген, сондықтан жапа шеккен жандардың жолы болған дейді. Көбіне алаяқтардың қаржысы шетелге шығарылғандықтан табу қиынға соғады екен.
«Қабылданған шараларға сәйкес жылжитын және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды, оның ішінде 60 көлік, 4 пәтер, 5 жер телімі, 31 жеке үй бар. Іс сотта қаралып жатыр. Біздің ойымызша, қаржы пирамидасын жарнамалау, жарнамаға қатысты қылмыс құрамын тексеру және сәйкес қылмыстық жауапқа тарту тиімді шара болмақ. Сәйкес ұсынысты Бас прокуратураға жолдадық», - деді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.