«Шетелдің ескі-құсқы көліктері үшін өз нарығымызды ашуға болмайды» – Президент утильалым туралы
Тоқаев қайта өңдеу немесе тіркеу алымының өзі басты мақсат емес екенін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында утилизациялық алым жөнінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Утильалым жөнінде шешім қабылдадық. Қаражаттың бәрі мемлекетке түседі. Енді утильалым мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мәселені талқылап жатыр. Бірден айтайын, утильалым қайта қаралады, бірақ автоөнеркәсіп үшін бөлінген ақшаны желге шашуға, сол сияқты шетелдің ескі-құсқы көліктері үшін өз нарығымызды ашуға болмайды», - деді Президент.
Президент қайта өңдеу немесе тіркеу алымының өзі басты мақсат емес екенін айтты. Тоқаевтың айтуынша, ең бастысы – тұтынушылар үшін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру.
«Өндірушілер мен дистрибьюторлардың тиісті реакциясын күтемін. Үкіметтің алдын ала баяндамасы оның дұрыс жолда екенін көрсетеді», - деді Мемлекет басшысы.