Ақмола облысында 244 медицина қызметкері жетіспейді

Автор: Azattyq Rýhy

Медицина кадрларын ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда

Фото ашық дереккөзден

Қазіргі уақытта Ақмола облысында 244 медицина қызметкері жетіспейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Брифингте белгілі болғандай, облыстың денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік медициналық ұйымдарында 6946 медицина қызметкері, оның ішінде 1498 дәрігер және 5448 орта медицина қызметкері еңбек етеді. Өңірде 244 медицина қызметкері жетіспейді.

«Бүгінгі таңда медицина кадрларын ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда. Медицина қызметкерлерінің жалақысы, дәрігерлерге 30 пайызға және орта медицина қызметкерлеріне 20 пайызға артты. Медицина қызметкерлеріне жатақханалар беру, жалдау төлемдерін бірлесіп төлеу, балабақшалардан орындар бөлу, ерлі-зайыптыларды жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік қолдау қамтамасыз етіледі. Баспанаға мұқтаж 53 жас маманның 39-ы баспанаға ие болды. Оның ішінде 13 дәрігер әкімдіктер есебінен, 23 - і медициналық ұйымдар есебінен, 3 - і демеушілер есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 74 медицина қызметкері тұрғын үй сатып алуға 320,1 миллион теңге несие алды», - деді Н.Сыздықов.

Сонымен бірге, басқарма басшысы атап өткендей, өңірде медицина қызметкерлері үшін тұрғын үй құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында медицина қызметкерлері үшін 40 пәтерлі үй салынды. Егіндікөл ауданында медицина қызметкерлеріне арналған 8 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Атбасар ауданында бос тұрған ғимараттардың бірі 30 орындық жатақханаға қайта бейімделді. Жақсы ауданында 8 пәтерлі тұрғын үй салынды.