Түркістан облысында іздеу жарияланған 5 жолаушы табылды
Ауа райының қолайсыздығынан олар қар құрсауында қалып қойған

Түркістан облысында іздеу жарияланған 5 жолаушы табылды. Олар тәулік бойы қар құрсауынан шыға алмаған. Бұл туралы облыстық ТЖД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін сағат 12:50-де Түркістан облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне 5 адамның бір күннен бері табылмай жатқандығы туралы хабарлама түскен. Жеңіл автокөлікпен Сауран ауданының Егізқара ауылынан Ынталы ауылы бағытына жолға шыққан жолаушылар хабар-ошарсыз кеткен.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД қызметкерлері мен техникалары жұмылдырылды. Арада екі сағатқа жуық уақыт өткенде құтқарушылар жолаушыларды Егізқара ауылынан тапты. Ауа райының қолайсыздығынан олар қар құрсауында қалып қойған. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж емес» - деді Түркістан облысы ТЖД баспасөз жетекшісі Шыңғыс Сүлейменов.
Түркістан облысының ТЖД мамандары азаматтарды ауа-райының өзгеруін бақылауға алып, ауа райына байланысты ескерту хабарламалары мен қажетті сақтық шараларын сақтау керектігін ескертеді.