СҚО-да 14 жастағы жасөспірім оқ жарақатын алды

Автор: Azattyq Rýhy

Жасөспірім өзінің 18 жастағы туысының қаруды абайсыз қолдануы нәтижесінде жарақат алған

Фото ашық дереккөзден

СҚО-да 14 жастағы жасөспірім оқ жарақатын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО-да Петропавл қаласының 14 жастағы тұрғыны оқ жарақатымен облыстық балалар ауруханасына түсті. Алдын ала тергеу барысында анықталғандай, жасөспірім өзінің 18 жастағы туысының қаруды абайсыз қолдануы нәтижесінде жарақат алған. Екеуі бірге Қызылжар ауданының Пресновка ауылына жақын маңдағы орманға барып, аң ауламақшы болған. Тегіс ұңғылы мылтық оқиға орнында алынды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 1-бөлігі (Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сондай-ақ, қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданатын болады.

«Барлық қару иелерін сақтау ережелерін қатаң ұстануға шақырамыз. Аталған факті ересектердің қаруға жауапкершіліксіз қарауы келеңсіз жағдайларға әкеп соғатынын кезекті рет дәлелдейді. Заңсыз сақтаудағы қаруды өз еркімен тапсыру, құқық бұзушылық құрамы болмаған жағдайда, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататыны туралы еске саламыз», – дейді СҚО Полиция департаменті бастығы Айдын Қабдұлдинов.