Қызылордада көші-қон заңнамасын бұзған 55 шетел азаматы анықталды
Заң бұзғандар антисанитарлық жағдайда тандыр нан пісірумен айналысқан
Қызылордада көші-қон заңнамасын бұзған 55 шетел азаматы анықталды. Олардың көбі көршілес Өзбекстанан келген, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Заң бұзғандар антисанитарлық жағдайда тандыр нан пісірумен айналысқан. Базар мен дәмханаларды сүзіп шыққан полицейлер уақытша тіркеусіз жүргендерге әкімшілік іс қозғап жатыр. Одан бөлек құжатсыз, көшеде қайыр сұрап жүрген бір адамды шекарадан шығару шешімі қабылданды. Шетелден жұмыс күшін заңсыз тартқан және еңбек қатынастарын өрескел бұзған Қазақстан азаматтары да жауапкершіліктен құтылмайды. Тіркеуде жоқ мигранттарды жасырып, жұмысқа жеккен қызылордалық 3 тұрғынға айыппұл салынды. Көші-қон полициясының қызметкерлері енді құрылыс нысандарын аралауға кірісті.
«Әкімшілік қылмыстық кодекстің 449-бабымен 1, 517-бабымен 35, 518-бабымен 14, 519-бабымен 3 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда», - деді ҚПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Мұратбек Жанұзақ.