Ол 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін
Екібастұз қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне Сәтпаев көшесіндегі үйлердің бірінде 9-қабаттың балконының үстінде ер адам жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу автопатруль жіберілді, жедел медициналық көмек және төтенше жағдай қызметі шақырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«39 жастағы ер адам үйдің төбесіне шатыр арқылы көтерілгені, содан кейін тоғыз қабатты үйдің балконына түскені белгілі болды. Артынша пәтерге кіруге тырысқан. Ол тоғыз қабатты үйдің биіктігінде жарты сағат бойы жатты», - деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Құтқарушылар ер адамды биіктен түсірді. Осыдан кейін полиция қызметкерлері қала тұрғынын медициналық куәландыруға жіберді, оның қорытындысы бойынша ер адам мас күйінде болғаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Ер адамның бұрын құқық бұзушылықтың осы түріне тартылғанын ескерсек, оны қайталағаны үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.