Қызылорда облысында ауыл тұрғындары заңсыз қабылданған қаулыға наразылықтарын білдірді

Azattyq Rýhy

Аудан басшысы он жылдан бері егін егіп күнелтіп отырған ауылдың жерін бөліп, бөлінген аумақ басқа бір қожалыққа үлестірілсін деген шешім шығарған

Қызылорда облысында ауыл тұрғындары заңсыз қабылданған қаулыға наразылықтарын білдірді
Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылының тұрғындары аудан әкімінің шығарған қаулысы егіншілерге тиесілі жерді де, елді де екіге бөлді деп ашулы. Айтуларынша, аудан басшысы он жылдан бері егін егіп күнелтіп отырған ауылдың жерін бөліп, бөлінген аумақ басқа бір қожалыққа үлестірілсін деген шешім шығарған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметі.

Алайда көпшілік әкімнің дәл осы қаулысы "заңсыз қабылданған" деп бүгін облыс әкімдігінің алдына жиналды. Ауылға тиесілі қожалықта күріш егіп келген ақсулықтардың былтырдан бері мазалары қашқан. Тұрғындар аудан басшысы шығарған қаулы ауылда үлкен даудың басталуына себеп болды деп қынжылады. Айтуларынша, 2021 жылдың сәуірінде шаруа қожалығына тиесілі 2 мың гектардан аса жердің 594 гектарын басқа бір қожалыққа табыстау туралы әкім қабылдаған қаулы заңсыз шығарылған.

Пай үлестері бар азаматтардың айтуынша, заң бойынша жерді бөлуге байланысты өткізілетін құрылтайшылардың жиналысы болмаған. Сондай-ақ, тұрғындардың басым бөлігі жерді бөлуге қарсылық білдірген. Жиналғандар қаулының күші жойылсын деп талап қойды. Өйткені соның кесірінен ұйып отырған жұрт жерге таласып, ауылдың берекесі кетеді дейді.

Жауапты басқарманың басшысы қаулыны қарап шыққандарын айтты. Сөздерінше, аудан әкімінің қаулысы бөлініп бөлек шыққысы келетін егіншілердің хаттамасына сәйкес қабылданған. Ал оның заңды, не заңсыз екенін құзырлы органдар анықтайды дейді.

 «Көрсетіп отырған хаттамасында 112 адам қатысқан. 76 адам бөлініп шығамыз деген. Соған сәйкес хаттаманы толтырып, аудан әкімдігіне ұсынған», - деді Қызылорда облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Медет Усаинов.

Түстен кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жер дауымен келген көпшілікті қабылдаған. Аймақ басшысы мәселені назарға алып, құзырлы органдармен бірлесіп қарастырамыз деп сендірген. Ал екіге бөлінген Ақсу ауылының жұрты мәселе көктемге дейін шешілмесе, даудың соңы қиындап кетуі мүмкін дейді

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.