СҚО-да көлік контрабандасымен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот отыры өтті

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Қазақстанға 1500 көлік кіргізілгені анықталды

Өткен жылы облыстық экономикалық тергеу департаменті Ресей арқылы Жапониядан Қазақстанға қымбат автокөліктерді заңсыз тасымалдаған топты құрықтаған болатын. Қоймадан сатылып үлгермеген 60 темір тұлпар табылды. Алаяқтар жылжымалы мүлікті ел аумағына қосалқы бөлшек ретінде өткізіп, кейін ресейлік жалған құжат пен мемлекеттік номер жасап, сатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Қазақстанға 1500 көлік кіргізілгені анықталды. Олардың барлығы заттай айғақ ретінде тәркіленіп, қазір айып тұрағында тұр. Иелеріне қайтарылар-қайтарылмасы әзірге белгісіз. Алдан-ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 650 млн теңге. Топ мүшелері Қазақстан және Ресей азаматтары. Олар сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. 

«Заттай айғақ ретінде тәркіленген көліктердің тағдыры сот шешімінен кейін белгілі болады. Оларды сатып алған азаматтардың еш айыбы жоқ. Олар қылмыстық істе куәгер ретінде тіркелген», - дейді СҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті тергеу басқармасының басшысы Самат Шарышев. 

Іс бойынша 4 күдікті деп танылған сотталушыларға бірнеше қылмыстық бап бойынша айып тағылды: «Трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оны басқару, оған қатысу», «Экономикалық контрабанда», «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау» және «Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру». Қылмыстық іс - 121 том.

Сот материалынан белгілі болғандай, сотталушылар 2019 жылдың басынан 2021 жылдың ақпанына дейін әрекет еткен. Сотталушылардың бірі - Иванов трансұлттық қылмыстық топ құрды және оған қатысты деп айыпталды. Ол тек осы бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айыпталушылардың адвокаттары олардың заңсыз істермен айналыспағанына сенімді.