Министрдің айтуынша бұған теңгенің долларға шаққандағы бағамы әсер етуі мүмкін
Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауытының құны айналасы 3 айдың ішінде 20 млрд теңгеге өсіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу құны 2020 жылдың қараша айында 147 млрд теңгені құрағаны туралы сол кездегі Энергетика министрі болған Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеген еді. Жақында Ұлттық экономика министрлігі Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын ұсыну барысында жаңадан салынатын ГӨЗ құны 168 млрд теңге деп жазылған.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен жиында Энергетика министрі Болат Ақшолақов зауыт құнының күрт қымбаттау себебін былай түсіндіреді:
«Бірінші кезекте, теңгенің долларға шаққандағы бағамы әсер етуі мүмкін. Өйткені зауыт құрылысын толықтай шетелден сатып алуға тура келеді. Бұған қатысты жобалық жұмыстар аяқталды, мемлекеттік сараптама алынды, қоғамдық тыңдаулар 8 ақпанға белгіленді», – деді министр.