АИТВ-инфекциясына диагностика жасауды бәсекелестік ортасына беруге әлі ерте – Сенат депутаты
Депутат халықаралық тәжірибедегі келеңсіз деректерді де атап өтті

Сенатор Ақмарал Әлназарова АИТВ-жұқпасына диагностика жасауды бәсекелестік ортасына беруді әлі ерте деп санайды. Бұл туралы ол жоғары палатаның жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасына сәйкес АИТВ инфекциясына диагностика жасау жұмыстары жеке медициналық орталықтар мен зертханаларға берілуі тиіс. Алайда, сенатор атап өткендей, бұл болашақта елдегі АИТВ-мен ауыру жағдайын нашарлататын бірқатар проблемаларға алып келетін болады.
Тұжырымдама АИТВ диагностикасының бірінші кезеңін ғана бәсекелес ортаға беруді көздейді. Депутат талдау нәтижесі оң болған жағдайда, бұл берілу жолдары мен факторларын анықтау, байланыс жасаушыларды іздеу және зерттеу жөніндегі дәйекті тізбектің бұзылуына әкеледі деп санайды.
«Бұрын Қазақстанда жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен гепатиттерге зерттеу жүргізуді бәсекелестік ортаға беру тәжірибесі болған. Нәтижесінде біз осы аурулардың таралуын бақылауды жоғалтып алдық. Бүгінгі таңда елде олар бойынша нақты статистика жоқ және тиісінше осы инфекцияларға жауап беру бағдарламасы жоқ», - деді Ақмарал Әлназарова.
Депутат сондай-ақ халықаралық тәжірибедегі келеңсіз деректерді де атап өтті. Оның айтуынша, көрші Ресейде де АИТВ зерттеуінің 1-кезеңі бәсекелестік ортаға берілгеннен кейін бұл аурудың тез таралуына әкеп соққан. Нәтижесінде олар бірнеше рет АИТВ-инфекциясының диагностикасын мемлекеттік медициналық мекемелерге қайтаруға мәжбүр болған көрінеді.
Сенатор осыған орай Үкімет басшысына жолдаған сауалында АИТВ-инфекциясына диагностика жасауда тиісті жүйелі дайындықсыз және мәселені мұқият зерттемей тұрып бәсекелестік ортасына бермеуді өтінді.