Бірінші орында сүт безі обыры тұр
Былтыр қатерлі ісікке шалдыққан үш мыңға жуық адам анықталған. Науқастардың көбісі – әйел адамдар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыста 15 672 онкологиялық науқас динамикалық бақылауға алынған. Былтыр 2867 тұрғын диспансерлік есепке алынған. Олардың 1146-сы ер адам болса, 1721-сі – әйел адам. 2020 жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 22,7%-ға өскен.
«Өкінішке қарай, 2021 жылы 1206 науқас қайтыс болды: оның ішінде 643-і – ер адам және 563-і – әйел адам. Алайда, бұл 2020 жылға қарағанда 6,5% аз», - деді облыстық көпсалалы клиниканың медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі директордың орынбасары Гүлайым Оразбекова.
Бірінші орында сүт безі обыры тұр. Бұл жалпы аурулардың 12,7%-ын құрайды. Одан кейін асқазанның қатерлі ісігіне шалдыққан адамдар да көбейген. Асқазан обыры 8,6%-ды, өкпе обыры 7,8%-ды құрайды. Алматы облысында 1-10 ақпан аралығында қатерлі ісік ауруын диагностикалау бойынша онкүндік өтіп жатыр. Тұрғындар осы он күннің ішінде тегін скринингтен өтіп, мамандардан кеңес ала алады.