Мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануы керек
Мемлекеттік қызметкерлер мас күйінде көлік жүргізгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Әдеп жөніндегі отырыста айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Шавкет Турдуев отырыс барысында мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануы, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйінде болу жағдайларына жол бермеуі тиіс екенін еске салды.
Маманның мәліметінше, Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасының, Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мемлекеттік қызметкерлері және өрт сөндіру қызметінің №15 өрт сөндіру бөлімінің аға сержанты мас күйінде автокөлік құралдарын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ жұмыстан босатуға дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әдеп жөніндегі кеңесте Алматы қаласы санитарлық дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабұловқа қатысты мәселе қаралған болатын, оған бұрынғы басшылықтың атына айтылған сөздер үшін ескерту түрінде жаза тағайындау ұсынылған.