Қазақстан алдағы уақытта қымбаттайтын азық-түлік өнімдерінің импортына әлі де тәуелді – Мәжіліс депутаты

Автор: Еркежан Айтказина

Өткен жылы қырыққабат 35%-ға, күнбағыс майы 30%-ға, сәбіз 26%-ға, тауық еті 19%-ға, картоп 19%-ға қымбаттады

Фото ашық дереккөзден

Ресми статистика бойынша өткен жылы инфляция 8,4%-ды құрады. Ал нақты инфляция әлдеқайда жоғары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Мәжіліс отырсында депутат Аманжан Жамалов депутттық сауал жолдады.

«Ұлттық банктің сауалнама жүргізуі бойынша халықтың 58%-ы бағалар 16-20%-ға және одан да көп өсті деп санайды. Үкімет 180 күн мерзімге сұйытылған газдың, бензиннің және дизельдің бағаларын реттеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бағаны реттеуді, 180 күн мерзімге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізді. Бұл дұрыс, бірақ уақытша шаралар. Инфляция – жаһандық проблема. Тіпті дамыған елдер де бағаның жоғары өсуіне тап болды. АҚШ-та алғашқы 40 жылда инфляция 7%-ды, Германияда 6%-ды құрады. Энергия тасығыштардың әлемдік бағасының өсуімен минералды тыңайтқыштар өндірісі қымбаттауда, азық-түлік бағасы да өсуде. Бүгінде әлемде инфляцияға азық-түлік тауарлары негізгі үлес қосуда. Қазақстан алдағы уақытта да қымбаттайтын азық-түлік өнімдерінің импортына әлі де тәуелді. Қазақстандағы азық-түлік тауарларының импорты 3 млрд АҚШ долларынан асады. Бұл инфляцияның тап сол көлемдегі сөзсіз импортын білдіреді», - дейді депутат. 

Оның айтуынша, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін біз осы тауарларды Қазақстанда өндіруді және шығаруды жолға қоюымыз қажет. Бірақ қазірдің өзінде халықты бағаның өсуінен қорғау бойынша шұғыл шаралар қажет.

«Ол үшін мыналар ұсынылады. Біріншіден, зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдерді инфляциядан жоғары деңгейге индекстеу қажет. Мұндай индекстеу ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінің өсуі арқылы мүмкін болады. Бұл әлеуметтік осал санаттар үшін негізгі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қымбаттауын өтеуге мүмкіндік береді. Ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерін 20%-ға, яғни 43 221 теңгеге дейін көтеру үшін шамамен 600 млрд теңге қажет болады. Бұл қаражатты дивидендтерді ұлғайту және квазимемлекеттік секторға (мысалы, ҚДБ) арналған шығыстарды оңтайландыру есебінен, жекешелендіруден және басқа да бюджеттік түсімдерден түсетін қаражат есебінен іздестіруге болады», - дейді депутат.

Оның айтуынша, өткен жылы қырыққабат 35%-ға, күнбағыс майы 30%-ға, сәбіз 26%-ға, тауық еті 19%-ға, картоп 19%-ға қымбаттады. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Мұндай бағаның өсуіне ешқандай индекстеу мен жалақыны көтеру тосқауыл бола алмайды.

«Бірінші кезекте, табысы төмен отбасыларға қиын болады. Статистикаға сәйкес отбасының әрбір мүшесіне есептегенде 25 мың теңгеден төмен кіріс кіретін отбасылар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жатады. Халықтың мұндай санаты үшін экономика тұрақтанғанға дейін уақытша қазақстандық азық-түлік өнімдерін сатып алуға болатын тегін азық-түлік карталарын енгізуді қарастыру қажет, оларды енгізуді цифрлық әлеуметтік әмиянды енгізумен байланыстыруға болады», - дейді депутат.