Отандық өнім өндірушілер теміржол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады – Президент

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын теміржолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде

Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент мемлекет белгілейтін бағаларды реттеу кезіндегі жемқорлықты түбегейлі жою мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

– Тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек. Мұның астарында экономикалық себептен бөлек, біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па деген сауал туындайды. Мысалы, отандық өнім өндірушілер теміржол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын теміржолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Осыған орай, бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.

– Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды, – деді Президент.

Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тапсырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыруға тиіс.