Ақпан айында ауа райы қандай болады

Автор: Azattyq Rýhy

Синоптиктер бір айға арналған ауа райы болжамын жариялады

© istockphoto.com

Синоптиктер ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ақпан айында еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-2° жоғары болуы мүмкін, бұл Иран мен Орта Азия аудандарынан жылы ауа массаларының шығарылуына байланысты болады. Еліміздің шығысында Таймыр мен Шығыс Сібір аудандарынан суық антициклонның ықпал етуіне байланысты ауа температурасы климаттық норма шамасында болады», – делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.

Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, ал Қазақстанның батысында, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аумақтардың таулы және тау бөктерлі өңірлерінде нормадан көп болжанады.

Бірінші онкүндіктің басында Сібір антициклоны әсеріне Қазақстанның басым бөлігінде аязды және көбінесе аз жауын-шашынды болады, ал республиканың батысында Батыс және Оңтүстік циклондардың ықпалымен жауын-шашын (жаңбыр, қар), желдің 15-20 м/с дейін күшеіп, тұман және көктайғақ болады. Ал циклонның солтүстік-шығыс бағытта ауысуымен республиканың қалған аумағында да жауын-шашынды және желді ауа райы болуы мүмкін.

Ақпанның бірінші онкүндігінің бірінші жартысында Қазақстанның оңтүстігі мен батысында күндізгі ауа температурасы жоғары болады.

Бірінші онкүндіктің ортасында еліміздің солтүстігінде және орталығында түнде -10-20°С-тан -5-13°С-қа дейін, күндіз -5-15°С-тан 0,-8°С-қа дейін аяз болады.

Онкүндіктің соңында республиканың шығысында температура түнде -18-23°С-тан -12-17°С-қа дейін, солтүстік-шығыста -28-33°С-тан  -20°С-қа дейін, күндіз -10-15°С-тан -5-10°С-қа дейін жоғарылайды.

Екінші және үшінші онкүндіктерде ауа райы тұрақсыз болады: жауын-шашын (жаңбыр, қар), екпінді жел болып, еліміздің солтүстік-батыс жартысы мен батысында бұрқасын болады, оңтүстігінде жекелеген күндері шаңды дауыл соғады.

Жекелеген күндері Шығыс Сібір аудандарынан суық антициклонның әсерінен ауа температурасы:

– батыста және солтүстік-батыста түнде -12-22°С-қа дейін, күндіз -3-10°С-қа дейін;

– солтүстік жартысында түнде -20-35°С-қа дейін, күндіз -13-18°С-қа дейін;

– оңтүстік жартысында түнде -8-15°С-қа дейін, күндіз -5+3°С-қа дейін төмендейді.

Жекелеген күндері Иран мен Орта Азия аудандарынан жылы ауа массаларының шығарылуына байланысты ауа температурасы:

– батыста түнде -5+1°С-қа дейін, күндіз +2+8°С-қа дейін;

– солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста түнде  -3-15°С-қа дейін, күндіз -6+3°С-қа дейін;

– оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және оңтүстік-батыста түнде -5+5°С дейін, күндіз +5+12°С дейін жоғарылайды.