СҚО-да ауыл аралық жолдарды тазаламаған мердігерге айыппұл салынды
Жолды дұрыс тазаламау фактілері болса, сенім телефондарына хабарлауға болады
Солтүстік Қазақстанда ауыл аралық жолдарды тазаламаған мердігерге айыппұл салынды. Қаңтар айының басынан өңірде 1200 шақырымнан астам автожолға 109 тексеріс жүргізілді. Жолды уақытында тазаламағаны үшін 19 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қозғалыс қауіпсіздігіне теріс әсер еткен 148 олқылық анықталды. Анықталған талап бұзушылықтарды жою бойынша 97 ұйғарым шығарылды. Мәселен, жақында Жамбыл ауданының аумағында орналасқан «Пресновка-Благовещенка-Қайранкөл» автожолындағы учаскені қар басып, жолаушылар автобусы батып қала жаздаған. Полиция мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің көмегімен жол қардан тазаланғанға дейін автобус жақын елді мекенде аялдап, жолаушыларға ыстық тамақ берілді.
«Қысқы кезде жолдың уақытында тазалануын бақылау әкімшілік полиция жұмысындағы маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Коммуналдық қызметтермен бірлесе тұрақты негізде жолды тексеру жұмысы жүргізіледі. Анықталған талап бұзушылықтар бойынша шаралар қабылданады. Жолдарды күтіп-ұстау бойынша талаптарды орындамаған жағдайда жауапты тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабы бойынша жауапқа тартылады», - дейді облыстық әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекциясының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Назар Байматов.
Мердігер ұйымның жолға жауапты қызметкері қарды уақытылы тазаламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Тайынша қаласында және Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде жолды қардан уақытылы тазалау бойынша шара қабылдамаған жауапты тұлғаларға айыппұл салынды.
Жолды дұрыс тазаламау фактілері болса, сенім телефондарына хабарлауға болады.