Қазақстанда алты млн адамның несиесі бар

Ерлер мен әйелдердің 70%-дан астамында несие бар

Елімізде тек 2,5-3 миллион адамның несиесі жоқ. Ал 6 млн-да қолданыстағы несие келісімшарты бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, өткен жылы кепілсіз тұтынушылық несиелер саны айтарлықтай өскен. Тауар несиелері мен бөліп-төлеу нарығында да көрсеткіш жоғары. Кепілсіз кредиттердің орташа берілуі шамамен 300 мың теңгені құрайды.

2022 жылғы 1 қаңтарда бөлшек кредиттік портфель 10,76 трлн теңге болды. 2021 жылы кепілсіз тұтынушылық несиелер көлемі 43,1%-ға, 5,3 трлн теңгеге дейін өсті, бұл қарыздар бөлшек сауда портфелінің 48,3%-на тең. Кепілді тұтынушылық кредиттер 1,8%-ға төмендеді, оларға бөлшек портфельдің 5,1%-ы тиесілі.

Қолданыстағы несиенің негізгі бөлігін ипотека құрайды. Көптеген адам зейнетақы жинағы есебінен ескі несиелерін өтеп, жаңаларын алған.

Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, берілетін несиелердің негізгі бөлігі 25 жылдан 44 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Статистика бойынша әйел адамдар несиені үй жөндеу жұмысына және ипотекаға көбірек алса, ер адамдар автокөлік сатып алу үшін несие алады. Ал жасы 55-тен асқан азаматтар несие арқылы жер және мал сатып алуды жөн санайды екен.

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы сәуірдегі 34 пен 44 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер арасындағы номиналды жалақы туралы мәліметтері бар. Деректерге сәйкес, ерлердің орташа атаулы жалақысы – 286 мың теңге, әйелдерде – 215 мың теңге. Бұл ерлер мен әйелдердің кірістері арасындағы белгілі бір алшақтықты көрсетеді.

Белгілі болғандай, ерлер мен әйелдердің 70%-дан астамында несие бар. Оның ішінде 35-тен 44 жасқа дейінгі ер адамдарда берілген несиенің орташа сомасы 681 мың теңге, әйелдерде − 594 мың теңге. Несие алған ер азаматардың 25%-ы  несиені кешіктіріп төлеген болса, ал бұл көрсеткіш әйелдердің 17%-ына тиесілі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.