$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда адамды көлікпен сүйреген жүргізуші жазаланды

Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылды

Павлодар қаласында әлеуметтік желілерде адамды көшеде көлікпен тік тұрған қалпында сырғаната сүйреген сәті түсірілген бейнежазба жарияланды. Полиция қызметкерлері заңды бұзған жүргізушіні тауып, жазаға тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларына жүргізушіні іздеп табу қиынға соққан жоқ. Бейнежазбада көліктің маркасы мен номеріне дейін анық көрініп тұр. Адамды сүйреген көліктің жанында кетіп бара жатқан жүргізуші жігіттердің оғаш қылығын видеоға түсіріп, таратып жіберген.

«Бұл бейнежазба бойынша тексеру жүргізілді. Полицейлер анықтағандай, 30 қаңтар күні Павлодар қаласында Иса Байзақов көшесінде «ВАЗ» маркалы автокөліктің жүргізушісі жолаушыны көліктің кабинасынан тыс жерде тасымалдаған. Осылайша жол қозғалысы ережесінің 22.6.1-тармағын бұзған. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Заңды бұзғандар жазалануы тиіс», - деп хабарлады Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылды. 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Бір жыл бұрын Петропавл қаласының көшелерінде жеңіл автокөлікке үрленбелі матрацты тіркеп сырғанағандар жауапкершілікке тартылған болатын. Орталық көшелердің бірінде түсірілген видеоны жігіттер әлеуметтік желі арқылы таратқан. Кәсіби түсірілім мен монтаж жасалғанына қарағанда, видео авторларының роликті түсіруге арнайы дайындық жасағаны аңғарылады. Олар үрленбелі матрацты арқан арқылы жеңіл автокөлікке тіркеген. Санаулы сағаттар ішінде бейнежазба әлеуметтік желілер арқылы көпшіліктің қызу талқысына түсті. «Хайп» қуған жігіттерге айыппұл төлеуге тура келді.

Серіктес жаңалықтары