Петропавлдық студент мүгедек жандарға жол қиылысынан өтуге жәрдемдесетін қосымша жасап шығарды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Петропавлдық колледж студенті мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға жол қиылысынан өтуге жәрдемдесетін «Safe crosswalk» атты мобильді қосымша жасап шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Safe crosswalk» қосымшасы интернет арқылы жұмыс істейді. Адам жол қиылысына жақындаған кезде ұялы телефонға хабарлама келіп, жақындап келе жатқан көліктердің бар-жоғын ескертеді. Осылайша, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі артады.

«Бастапқыда зағип жандардың қолданысындағы таяқтарын бағдарламалауды көздеген болатынмын. Кейін көпшілікке қолжетімді болу үшін оны мобильді қосымшаға айналдырдық. Дайындаған жобамыз қазіргі уақытта «Play market» жүйесінде модерациядан өтуде. Жуық арада ол тұтынушыларға қолжетімді болады деп ойлаймын. Қосымшаны кез келген адам телефонына жүктеп, пайдалана алады. Болашақта бағдарламалау саласында үлкен жобалар жасауды армандаймын», - дейді М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті Иван Пухов.

2019 жылы «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы аясында М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж ІТ саласына қажетті арнайы техникалық құрылығылармен жабдықталды. Ұстаздар қауымы техникалық базаның нығаюы білім алушылардың мүмкіндігін арттырып, жаңа жобалардың жарыққа шығуына үлкен септігін тигізгенін айтты.

«ХХІ ғасыр - ғылым мен техниканың дамыған заманы. Өнертапқыштардың  ІТ саласында енгізіп жатқан жаңалықтары еріксіз таңдай қақтырады. Біз де осы салаға аз да болса өз үлесімізді қосқымыз келеді. Студенттермен бағдарламалау тілін бірге меңгереміз. Оларға бағыт-бағдар беріп, жұмысын қадағалау - менің міндетім. Бастысы көпшілікке пайдасы тиетін дүниелер әзірлегіміз келеді», - дейді оқытушы Азамат Қайыржанов.