Маңғыстау тұрғындары азық-түлік бағасының қымбаттағанына наразы
Аймақта көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр
Маңғыстауда жыл басынан бері Сall-орталықтарға тұрғындардан 17 шағым келіп түсті. Халық азық-түлік бағасының қымбаттағанына наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Ақтауда, Түпқараған мен Мұнайлы ауданында дүкен иелері үстеме бағаны 25-30%-ке дейін көтергені анықталды. Оларға ескерту жасалды. Баға тағы да негізсіз көтерілсе, онда айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлер көтерме сауда орындарын да тексеруді ұсыныпты. Кезекті мониторингтік бақылау осы бағытта жалғасты.
Аймақта көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Кейбірі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 100 млн теңгеге дейін көмек алған. Берешек қаржы 6 айға 0%-пен беріледі. Демек, қалтасының қамын ойлаған дүкен иелерінің мәселені көтерме сауда базарларға ысыра салуын ақшаға құныққандық деп айтуға болады.
«Көтерме сауда, бөлшек сауда барлығы да өзінің алған бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қосуға болмайды. Сол заңды түсіндіру үшін бізде «Халықтық бақылау» деген мониторингтік топтар құрылды. Өңір бойынша жыл басынан бері 54 топ жұмысын бастап кетті. Сонымен қатар әрбір ауданда Сall-орталықтар құрылды. Кейбір дүкен картопқа, тағы да басқа тауарларға 15 пайыздан артық үстеме қосқаны белгілі болды. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде сол бағалар орнына түсті», - деді өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева.
Кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының айтуынша, кәсіпкерлердің 70 процентке жуығы қолданыстағы заңды білмейді. Алайда, бұл жауапкершіліктен босатпайды. Ескертуді елемегендерге енді 204-бап бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.