$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шығыстағы ауыл тұрғындары ұялы байланыс пен интернет игілігін көре алмай отыр

Ал аймақтағы 261 елдімекендегі интернеттің қуаты секундына 8 мегабитке де жетпейді

Шығыстағы ауыл тұрғындары ұялы байланыс пен интернет игілігін көре алмай отыр
Фото ашық дереккөзден

Шығыстағы Шемонайха ауданында ауыл тұрғындары ұялы байланыс пен интернет игілігін көре алмай отыр. Соның кесірінен Убинка елді мекеніне жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметін шақыру үлкен машақат. Интернеттің жоқтығы, әсіресе, онлайн оқуға көшкен оқушыларға қиын тиді, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Убинка ауылы тұрғындары интернетке қосылу үшін төбешіктің басына жиылады. Оның өзінде 2G. Ал ауылда ұялы байланыстың өзі нашар. Бұл қазір онлайн оқу кестесіне көшкен оқушылар үшін қиын.

Убинка ауылында жүзден аса оқушы бар. Олар көрші ауылға автобуспен қатынап оқып келген. Сабақ онлайн кестесіне көшірілгеннен бері ата-аналардан маза кетті. Көпбалалы ана Анна Коровченконың қазір қолынан телефон түспейді. Екі қызы берілген тапсырманы орындағанымен, мұғалімге жібере алмай әлек.

Ауылдағы кейбір үйлерде бұрын жай байланыс телефоны да болған. Бірнеше жыл бұрын оны да алып тастаған. Енді тұрғындар телемұнараға телміріп жүр. Ауылдың кіреберісіндегі телемұнарының жанына отандық байланыс операторларының бірі бұдан екі жыл бұрын интернет тарататын құрылғы орнатқан. Бірақ одан әзірше пайда болмай тұр. Сондықтан ауыл тұрғындары бұдан 2 шақырым жердегі  төбешікке барып интернетке қосылуға тырысады. Бірақ оның өзінде байланыс бірде  бар. бірде жоқ.

Байланыстың нашарлығынан ауылдағы дәрігер де қиналып отыр. Науқастарға қатысты  құжаттың бәрін қолмен жазады. Ал жедел жәрдем шақыру да күрделі мәселе.

Күтуден шаршаған тұрғындар екі жыл бұрын интернет мәселесі бойынша Президентке хат жазған. Нәтиже жоқ екенін аудандағы атқамінерлер де жақсы біледі.

Убинка сияқты интернеттің игілігін көре алмай отырған тағы 4 ауыл бар екен. Бар мәселені байланыс операторларынан көріп отыр.

«Осы операторларға өзіміздің шағымымыз бар. Олар шарт бойынша бұл ауылдарға ең аз дегенде 8Мб-тік жылдамдықта интернетті беруі тиіс. Қазіргі таңда оны орындай алмай отыр», дейді Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов.

Міндеттерін орындай алмаған байланыс операторлары 2021жылы 20 миллион теңгеден аса айыппұл төлеген.

Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының айтуынша, облыстағы 683 ауылдың 538-де яғни 78 процентінде интернет бар. Ал аймақтағы 261 елдімекендегі интернеттің қуаты секундына 8 мегабитке де жетпейді. 

«Облыс әкімдігі мен телекоммнуикация  комитеті бірілесіп 2021 жылы аймақтағы 28 ауылдағы интернет сапасын тексерді. Нәтижесінде 24 ауылда талапқа сай болмай шықты. Жауапты  операторлар айыппұл арқалады. Ұялы байланысы бар, бірақ интернетке қосылмаған алыстағы 150 ауылға биылдан бастап оптикалық талшықты кабель тартылмақ. Ал Убинка да жылдың соңына дейін осындай интернет жүйеіне  қосылуы мүмкін», - дейді Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Марина Гагарина.

 

Серіктес жаңалықтары