Аудандарда жұмыс істеуді таңдаған жас мамандарға 1,5 миллион теңге көтерме жәрдемақы төленетін болады
Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау үшін Павлодар облыстық мәслихатының шешім жобасы әзірленді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
«Жас мамандардың келуімен де медицина қызметкерлеріне деген қажеттілік шамалы ғана өзгерген. Себебі, жұмыс істеп жүрген дәрігерлер зейнетке, декретке шығады, кейде отбасы жағдайымен басқа өңірлерге көшеді. Осы себепті бізге келетін дәрігерлерді қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуді шештік. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына келетін жас мамандарға 1 миллион теңге көтерме жәрдемақы және аудандарда жұмыс істеуді таңдаған жас мамандарға 1,5 миллион теңге көтерме жәрдемақы төленетін болады», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов
Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде өңірлік денсаулық сақтау жүйесінде зейнеткерлік жастағы 247 дәрігер жұмыс істейді, олардың 19-ы биыл құрметті демалысқа шықты. Тағы 207 дәрігер бала күтімі бойынша демалыста, олардың 33-і осы жылы декретке шыққан.
Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында 2022 жылға медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқу үшін 124 білім беру гранты бөлінді.
«Биыл ангиохирургия, жұқпалы аурулар, неврология, пульмонология және неонатологияға мамандандырылған 14 грант иегері бірден Павлодар облысына оралады. Сондай-ақ, біз шетелдік клиникаларға біліктілігін арттыру үшін 84 маман жіберуге ниеттіміз. Бұған дейін де осыншама медицина қызметкері шетелде оқып, халықпен жұмыс істеуге кірісіп кеткен», - дейді Айдар Сейітқазинов.
Айта кетейік, денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында дәрігерлердің жалақысын біртіндеп арттыру жоспарланған. 2020 жылы оның мөлшері 30%-ға, ал 2021 жылы 10%-ға өсті. 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы республикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болуы тиіс.