Адам құқықтары жөніндегі орталыққа азаматтардан 39 шағым түскен
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық мамандары еліміздің 16 өңіріндегі 81 тергеу изоляторын аралады. Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова Еуроодақ елшілерімен өткен онлайн кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, орталыққа азаматтардан 39 шағым келіп түсті. Бұл құжаттарда жұрт қаңтар оқиғасын тергеу кезінде құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне наразылықтарын білдірген.
Әзімованың хабарлауынша, мемлекеттік қорғаушылар көрсеткен қызметтер сапасы азаматтардың көңілінен шықпады.
«Біз тергеу изоляторларында азаматтарға қарсы жасалған заңсыз әрекеттердің куәсі болдық. Бұл деректерді дереу күдіктілердің туған-туыстарына хабарлап отырдық. Біздің ойымызша, тергеліп жатқан адамдардың ресми тізімі жариялануы керек. Азаматтық қоғам өкілдері де осы процеске белсенді қатысқаны абзал. Халықаралық сарапшылардың келіп, жәрдем беруі де артық болмайды», - деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова.