Өскеменде полигонның дәл іргесіндегі ауыл халқы 50 жылдан бері сасық иіске тұншығып отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар полигонды ауыл іргесінен аластатуды талап етуде

Фото ашық дереккөзден

Өскеменде тұрмыстық қалдық өртейтін зауыт сол күйі салынбайтын болды. Бұл жобаға әу баста-ақ тұрғындар қарсы болған. Полигонның дәл іргесіндегі ауыл халқы 50 жылдан бері сасық иіске тұншығып отыр. Сондықтан жұрт қоқыс алаңы түбегейлі жабылсын деп талап етуде, деп хабарлайды КТК арнасы.

Атқамінерлер қала сыртынан жаңа қоқыс төгетін жер ашылмайынша, полигон ешқайда көшірілмейді дейді. Лесхоз ауылының жанындағы тұрмыстық қалдық төгетін полигонға 50 жыл болған. Шенділер осы маңға  қоқыс өртейтін зауыт салуды жоспарлаған. Алайда бұл жоба ауылдықтардың жаппай наразылығын тудырды. Сондықтан жобадан бас тартуға тура келген. Енді тұрғындар жағымсыз иіске тұншығып отырмыз деп, полигонды ауыл іргесінен аластатуды талап етуде.

«Жобаның жүзеге аспауы басты мәселе емес. Ең бірінші кезекте полигон жабылуы керек. Қазір ол толып тұр. Мұны шенеуніктер жақсы біледі. Біз жағымсыз иіспен тыныстаудан шаршадық», - дейді Лесхоз ауылының тұрғыны Ольга Савинова. 

 Күн жылыда қоқысқа құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей үймелейтіні анық. Оның үстіне полигон жабайы ит пен мысықтың ордасына айналған. Соның салдарынан балалар далаға шығып ойнаудан қалды дейді жиналғандар. Өйткені осы ауылда жеті жасар баланы қаңғыбас ит талап өлтірген. Осы жәйт тұрғындардың үрейін ұшырып отыр.

«Көктемде қар суымен тұрмыстық қалдық ағып ауылға келеді. Оның үстіне ит-мысықтар, жорғалаушылар өріп жүр. Полигонды жаппаса, жұқпалы дерт тарауы мүмкін. Сондай-ақ қаңғыбас иттер балаларымызды талап өлтірсе қайтеміз? Қазір балаларды далаға шығармақ түгілі, көшеде өзіміз жүруге қорқамыз», - дейді ауыл тұрғыны Ольга Синенко.

 Атқамінерлер қоқыс өртейтін зауыт салынбаған күннің өзінде бұл алаң тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын орын болатынын ашық айтты. Дегенмен «жұрттың базынасын ескереміз» дегендер ескіні жабу үшін алдымен жаңа полигон салу керек дейді.

«Халықтың пікірін саралай келе, қоқыс өртейтін зауыт құрлысын жүргізу жоспарын тоқтатуды ұйғардық. Бұл жергілікті биліктің нақты шешімі. Ендігі кезекте ескі полигонды жауып, қала сыртынан жаңасын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл тұрғыда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Владимир Землянский.

 Алайда атқамінерлер тұрмыстық қалдық төгетін жаңа полигонның нақты қашан шешімін табатынын дөп басып айта алмады. Сондықтан күл-қоқыстың іргесінде күн кешіп жатқан ауыл тұрғындарына әліптің артын күтуден басқа амал жоқ.