Биыл күзде студенттердің шәкіртақысы өседі

Автор: Azattyq Rýhy

Педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша оқитын студенттердікі 58 мың теңгеден асады

Фото ашық дереккөзден

2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясы 20, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15 пайызға өседі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қыркүйек айында бакалаврлар стипендиясының мөлшері 20, магистранттар мен докторанттар стипендиясының мөлшері 15 пайызға артты. Осылайша, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы – 31 423 теңгені, магистранттардікі – 76 950 теңгені, докторанттардікі 172 500 теңгені құрады.

«Осы жылдың қыркүйек айынан бастап студенттердің стипендиясы тағы да 20 пайызға өседі. Мысалы, педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша білім алатындар 37 мың теңгеге жуық шәкіртақы ала бастайды. Магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеге дейін артыд», – деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.