Коронавирус инфекциясы өршіп тұрғанда баланы мектепке жіберуге бола ма – дәрігер пікірі

Автор: Асқарбекұлы Ришат

Ауру көрсеткіші бірнеше есе артқанмен де өлім көрсеткіші керісінше төмендеп тұр

Қазақстанда өткен тәулікте 16 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды. Қауіпті дертті жұқтырған арасында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары көп. Елордада -  5050, Алматы қаласы – 2025, ал Шымкент қаласында – 420 дерек тіркелді. Осыған қарамастан ведомствоаралық комиссия оқушыларды мектепке жіберуге болатыны туралы шешім қабылдады. Жалпы білім беретін мектептерде алдағы дүйсенбі, 24 қаңтардан бастап  оқытудың штаттық форматына рұқсат беру ұсынылды.

Azattyq Rýhy тілшісі ВАК-тың осы шешіміне байланысты дәрігер мамандардың пікірін білуге тырысты. Коронавирустық инфекция өршіп тұрғанда балаларды мектепке жіберуге бола ма?

Дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев өз сөзінде қоғамдық орындардың бәрі жұмыс істеп тұрғанын, қатаң карантиндік шектеулер жоқ екенін мәлім етті. Ендеше оқу орындарына да рұқсат беруге толық мүмкіндік бар. Бес жасқа дейінгі балалардың ауру ықтималдығы жоғары. Десе де қазір дәрігерлердің жағдайды ушықтырмай, дер кезінде емдеуге тәжірибесі жетеді деп есептейді.

«Мектепті 31 қаңтарға дейін дистанциялық форматта оқытамыз деп жариялап еді, енді келесі дүйсенбіден ол шешім өзгергені айтылды. Себебі кафе, ресторан және аэропорт та жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да мектепке де рұқсат бергені дұрыс болды. Кішкентай балалардың ауыру ықтималдығы жоғары. Бес жасқа дейінгі балалар ауырлау өткереді деп отыр. Балалар ауруханаларында ауырып жатқан бүлдіршіндердің видеолары да көп тарап жатыр. Сондықтан қорқыныш бар.

Жалпы қарасақ, қазір 15 мың адам ауырып, 12 адамның өлгені туралы ресми ақпарат тарап жатыр. Ол дегеніміз – ауру көрсеткіші бірнеше есе артқанмен де өлім көрсеткіші керісінше төмендеп тұр. Бұл короновирус штамы жеңіл өтіп жатыр. Көп жағдайда пневмонияға ауыса қоймайды. Сондықтан ауруханаға жатып, жасанды желдеткішті қажет етпейді. Науқастардың көбі басының ауырғанына, әлсіздікке шағымданады, дене қызуы 38 градусқа көтерілгенмен бір-екі күнде аяққа тұрып кетіп жатыр», - дейді дәрігер.

Санитарлық дәрігерлер жаңа жылға дейін Қазақстанда омикрон анықталды деп мәлімдеді.

«Қазір тарап жатқан омикрон екені сөзсіз. Егер Оңтүстік Африканың жағдайын қарайтын болсақ, шамамен 40 күн ішінде вирустың таралу қарқыны төмендеп, қазір ол жерде бірен-саран ғана анықталып жатыр. Меніңше бұл дерттің түрі ақпан айының ортасында шарықтау шегіне жетіп, наурыз айының басында тынышталады деп ойлаймын», - дейді М. Бердіқожаев. 

Ал медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Қайырғали Конеев те балаларды мектепке жібере беруге болады  деген пікірде. Оның ойынша, мемлекет те, дәрігерлер де бұл дертпен енді күресе алатынын, жалпы жағдайды бақылауда ұстай алатынын дәлелдеді. Ауру жұғады, бірақ оны емдеудің алгоритмі түзіліп, жер-жерде науқасты аман алып қалудың мүмкіндігі айқындалды.

«Менің ойымша балаларды мектепке жібере бергені дұрыс. Көріп отырғандай омикрон да, басқа да коронавирустық штамдар халық арасына дендеп кірді, бірге өмір сүріп жатыр. Ешқайда кетіп қалмайтынына көз жетті. Оны өткен екі жылдағы жағдайда анық байқадық. Мемлекет те, дәрігерлер де тәжірибе жинады, оны басқара алатын, күресе алатын дәрежеге жеттік. Сондықтан баланы мектепке жібере беру керек, дегенім осы. Бірақ міндетті түрде эпидемияға қарсы шараларды қатаң сақтау ләзім. Ол – бұрынғыдай гигиенаны ұстану, маска тағу, ара-қашықтықты сақтау, дезинфекциялық шаралар, егер теріс нәтиже білінсе, изолияция жасауға селқос қарамау керек. Осының барлығын сақтай отырып, мектепке барып оқуды жалғастыруға кеңес береміз», - дейді балалар дәрігері.

Маманның пікірінше, санитарлар және ресми ВАК мүшелері Қазақстандағы коронавирус түрін омикрон деп танып отыр. Оның ерекшелігі – жұрт арасында өте тез таралады. Бірақ ол жеңіл түрде өтеді.

«Менің ойымша бұрынғыдай қатаң карантин жасаудың қажеті жоқ. Коронавирус адамның популияциясына кіріп, орнықты. Тұмау вирусы, өзге де тыныс жолдары аурулары сияқты әсерін беріп, ертеңгі күні маусымдық аурулар сияқты болып қалатынына көз жетті», - дейді дәрігер.