Депутат асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет көмектесуі керек екенін айтты
2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде болған әр факт жіті зерттеліп, тексеріле отырып, құқық қорғау органдарына жеткізілген және ұсталған адамдардың қорғалуға және білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығы қамтамасыз етілуі керек. Бұл туралы сенатор Ләззат Сүлеймен жоғары палатаның жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат депутаты Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында құызырлы органдардың жұмысы ашық болуы керектігін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн» деген пікірімен толық келісеміз. Мемлекеттік құзырлы органдардың қызметі барынша ашық, әрі объективті болуы, барлық жайт жасырылмай, ашық айтылуы міндетті», - деп жазды Ләззат Сүлеймен өзінің сауалында.
Сондай-ақ, депутат асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет көмектесуі керек, сол сияқты зардап шеккендер үшін оңалту жүргізіп, курсанттарға, әскери және полиция қызметкерлеріне материалдық, моральдық қолдау көрсету керек екеніне назар аударды.
«Сонымен қатар, Үкімет, қанды қасірет себептері мен салдарына қатысты терең әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, содырлар соққысы қайталанбайтындай, былайша айтқанда енді «бет қаратпайтындай» шаралар қамтамасыз етілу қажет»,- деді сенатор.