ТЖ кезінде тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге қосымша 150 мың теңгеден сыйақы төленді – ІІМ

Автор: Әсел Оршыбекова

Қызметкерлерге сыйақы беру және ынталандыру тұрақты негізде жүзеге асырылады

Фото ашық дереккөзден

Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарында ІІМ үш іс-шараны орындамақ. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Біріншісі – құқық қорғау, арнайы органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру, моральдық рухын қолдау жөнінде шаралар қабылдау. Жауынгерлік және қызметтік дайындық бойынша материалдық-техникалық базаны, ең алдымен арнайы бөлімшелерді нығайту көзделген. Үкімет мүлікті сатып алуға резервтен қаражат бөлді», - деді Тұрғымбаев.

Қызметкерлерге сыйақы беру және ынталандыру тұрақты негізде жүзеге асырылады. Осылайша, төтенше жағдай режимі кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған қызметкерлерге материалдық ынталандыру мақсатында 150 мың теңгеден төленді, ал курсанттар мен сарбаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Екіншісі – дипломатиялық өкілдіктерді, сондай-ақ шетелдік инвестициялар субъектілерін және шетелдік компаниялардың бизнесін қорғау жөнінде шаралар қабылдау. Қазіргі уақытта ішкі істер органдары ерекше режимде қызмет етуде. Аса маңызды мемлекеттік объектілерді қорғау күшейтілді. Дипломатиялық миссиялардың объектілерінде қосымша қарулы бекеттер қойылды», - деді министр.

Ішкі министрлігінің үшінші шарасы қайтыс болған әскери және ішкі істер органдарының қызметкерлерінің отбасыларына біржолғы өтемақы төлеу қарастырылған.

«Жақында қаңтарда террористер қолынан 8 полиция және ҰҰ әскери қызметшілері қаза тапты, 2911-і жарақат алды. Олардың отбасыларына жан жақты қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, заң бойынша қызмет міндетін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда оның отбасына 5 жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде өтемақы төленеді, сондай-ақ жерлеуге үш айлық өтемақы төленеді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.