«ҚазМұнайГазды» тексеру кезінде жүздеген млн теңгеге заңбұзушылықтар анықталды

Автор: Еркежан Айтказина

Аудит кезінде еңбек заңнамасының кемшіліктері анықталды

Фото ашық дереккөзден

Есеп комитеті «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына аудит барысында анықталған бірқатар бұзушылықтарды жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анықталған бұзушылықтардың арасында бір адамның бірнеше басшылық лауазымдарды қоса атқаруы және үнемделген бюджет қаражатын қайтармау фактілері бар. 

Белгілі болғандай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен оның жекелеген ведомстволық бағынысты ұйымдарының активтерін басқарудың тиімділігін тексеру 2021 жылғы мамырда өтті. Аудит кезінде еңбек заңнамасының кемшіліктері анықталды, бір адам бірнеше басшылық лауазымды бір уақытта атақарған. Бұған қоса, 16 сағаттық жұмыс уақытына қаражат есептелген. 

«Қашықтықта жұмыс істейтін жұмыс уақытының белгіленген есебі болмаған жағдайда басқарма төрағасының орынбасары (қашықтан) лауазымын еншілес ұйымның бас директоры лауазымымен біріктіру фактісі анықталды», - деп хабарлайды Есеп комитеті.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және оның жекелеген ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының активтерін басқару тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді. Тексеру барысында «Нысандарды салу жөніндегі серіктестік» корпоративтік қоры Түркістан облысындағы амфитеатр құрылысына бөлінген 307 938 мың теңге (үнемделген) қаражатты қайтармағаны анықталды», - деп баяндамада айтылған.

Осыған байланысты «ҚазМұнайГазға» 307 938 мың теңге қаражатты қалпына келтіру және өтеу шараларын қабылдау тапсырылды.