Бүгінде ана мен бала өздерін жақсы сезінеді
Шығыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша тұңғыш нәресте дүниеге келді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалы баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, өңірде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКО арқылы тұңғыш нәресте жарық дүние есігін ашты.
«Бұл бақытты сәттерін алғаш рет ата-ана атанып отырған ерлі-зайыпты 2016 жылдан бері күткен. 35 жастағы әйел адам экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы МӘМС жүйесі аясында бала көтеріп, аман-есен босанды», - делінген ақпаратта.
Бүгінде ана мен бала өзін жақсы сезінеді. Ұлдың салмағы - 3661 грамм, бойы - 52 см.
«Өзімізді сондай бақытты сезінудеміз. Барлық жұмыстар тегін болып, отбасымыздан еш шығын шыққан жоқ. Ұлымыздың атын Марк деп қойдық», - деді Өскемен қаласының тұрғыны Алена Долгих.